Принтерге шығару
11nauriz KyzlOrda Наурыз – қазақтың, сондай–ақ Азия халықтарының көпшілігінде тойланатын, бес мың жылдан астам уақыт аталып өтіп келе жатқан, жылдың ең басты мерекесі. Наурыз – бұл көктем мерекесі, табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басталуы. Наурызды мерекелеудің тамыры терең, бұл - табиғатқа табынатын мереке. 22 наурызда көктемгі күн мен түннің теңесуі тойланады. Бұл күні аспан шырақтары: шоқжұлдыз бен жұлдыздар жыл бойы айналып өзінің алғашқы нүктесіне қайта келіп тоқтайды да, қайтадан жаңа жол айналымын бастайды.
Наурызды қазақта «Ұлыстың ұлы күні» күні деп атайды. Наурыз мерекесінің атауы көне иранның ноу (жаңа) және роуз (күн) деген екі сөзден құралған.
Наурыз – бұл табиғаттың ұйқысынан оянып, жаңарып, қайта жанданатын шағы. Бұл символдық мәні зор мереке, көптеген салт-дәстүр Наурызбен байланыстырылады. Наурыз деп қазақта тек мереке ғана емес, сол айдың атауы да аталады. Осы айда туылған балаларға қойылатын есімді де осы Наурызбен байланыстырып, ұл болса – Наурызбек немесе Наурызбай, ал қыз болса - Наурыз немесе Наурызгүл, т.б. деп қояды.
Қазақтарда мифтік көзқарас бойынша Наурыз мерекесін тойлау қарсаңында жер бетін бақыт аралап, жүреді деп есептеледі, сол себепті мереке қарсаңындағы түн бақыт түні деп аталады, демек, Наурызда жер бетіне жақсылықтың, шуақтың нұры төгіліп, сол нұрмен гүлдер гүлдеп, құстар ән салады, дала жасыл желекке айналып, бұлақтар сылдыр қағып аға бастайды, осылайша Жер бетіне Жаңа жыл келеді. Наурыз – бұл жер бетіне жақсылық қонатын күн.
Сондықтан, қазақтар Жаңа жылды қарсы алуға өте зор жауапкершілікпен қарап, алдын ала дайындала бастайды. Шаруашылықты ретке келтіріп, арықтарды тазартып, үйлерін, ауласын тазартады, таза сәнді киім киіп, дастархан жаяды, егіннің, молшылықтың, жауынның, ағарғанның белгісі ретінде барлық ыдыстарын сүтке, бұлақтың суына, айран мен дәнге толтырып қоятын болған. Ырымға сай, жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай шығарып саласың деп сенген. Қариялар айтқандай, Наурыз босағадан енгенде, үйдегі барлық ауру мен жамандық сыртқа шығады дескен. Наурыз мерекесін тойлау кезінде адамдар жақсы ниетпен бір-бірімен төс қағыстырып көріскен, бір-біріне ыстық ықыластарын білдіріп, қайғы мен жамандықтың бәрі артта қалсын деп тілек айтқан.
Наурызды мерекелеу кезінде тоқшылық пен молшылықтың белгісі ретінде түрлі тағамдар дайындаған. Түс кезінде белгіленген жерге өгіз сойып, оның етінен «бел көтерер» деген ерекше тағам дайындаған. Қазақтардың ұғымы бойынша өгіз ең күшті жануар, ал оның етінен дайындалған тағам адамдарға күш пен шыдамдылық береді деп есептелген.
Әр шаңырақта мерекелік дастархан дайындалады. Тамақтанар алдында және одан кейін ата-баба әруағына бағыштап, молда құран оқиды. Сосын жасы үлкен кісілер бата беріп, жылдың табысты болуын тілейді.
Мерекелік дастарханның ең сыйлы асы – Наурыз көже. Наурыз көже – жеті түрлі тамақтан: су, ет, тұз, май, ұн, дәндер мен сүттен жасалатын дәстүрлі ас. Жеті саны қазақта киелі сан деп есептеледі. Наурыз көже пісіретін үлкен қазан бірліктің белгісі болып есептеледі.
Наурыз мерекесі қашанда көпшіліктің мерекелік серуеніне ұласқан. Жастар алтыбақан тебуге жиылған. Барлығы ән салып, би билеп, ұлттық ойындар ойнаған. Наурызда жастар арасында күрес, ат жарыстары өткізіледі. Кейде жігіттер қыздарменде атқа мініп шабудан жарысқан. Сонымен қатар Наурызда айтыс ұйымдастырылып, суырыпсалма ақындар, әншілер арасындада жарыстар өткізіліп отырған.
Наурыз – Жер бетіндегі барлық адамдардың басын біріктіретін, табиғаттың, үйлесімнің, жақсылықтың және нұрлы шуақтың мерекесі! Көктемнің осындай керемет күнінде баршаңызға махаббат пен бақыт тілейміз!
 
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы