Облыс көлемінде өткізіліп жатқан үгіт-насихат сенбілігі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында жалғасын тапты. Отырар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері улы газбен уланудың алдын алу мақсатында ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Жамбыл орта мектебінде мектеп оқушыларының арасында өткізіліп жатқан жарыс кезінде тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі қағидалары түсіндірілді. Жалпы жарысқа он үш ауылдық округтерден келген оқушыларға улы газдың иіссіз және түссіз болатындығын, ғимаратта оны байқау мүмкін еместігін ескертіп, мейлінше қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Отырар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Мейрамхан Кемелханов: «Жылыту маусымы басталар алдында әрбір үй иесі газ және пеш жабдықтарын мұқият тексеруі қажет. Оларды күнделікті өмірде дұрыс пайдаланып, қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы қайғылы оқиғалардың алдын аламыз. Себебі, улы газбен уланудың салдарынан жүйке жүйесі мен тыныс алу мүшелері зақымдалады. Ал, зардап шегушіге өз уақытында көмек көрсетілмесе, өліп те кетуі мүмкін»,-деп, алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін де түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ қызметкерлер «Арыстанбаб» кесенесіне Сайрам ауданынан ниеттеніп келген зиярат етушілерге де улы газбен уланудың алдын алу жолдарын түсіндіріп, барынша қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырды. Зиярат етіп келген бір топ оқушылар мен ұстаздар аталған үгіт-насихат жұмыстары өз аудандарында да өткізіліп тұратындығын, жалпы қауіпсіздік шараларын білетіндіктерін айтып қуантты.
Үгіт-насихат жұмыстары Қоғам ауылдық округі, Талапты елді мекенінде өткізілген дәстүрлі «Көкпарда» да жалғасты. 580 адам жиналған «Көкпар» ойыны басталар алдын өрт сөндіру көлігіндегі радио арқылы көкрермендерді пештерді және газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырды. Қызметкерлер көкпар ойынының көрермендерінің және әрбір шабандоздардың сұрағын мұқият тыңдап, кәсіби жауап беріп, жадынамалар таратты.
Сандуғаш Лесбек
Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД
мемлекеттік тіл және ақпарат тобы