14 Бірнеше тіл білу өмір жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізу дегенді білдірсе керек. Тіл үйрене отырып жоғары кәсіби біліктілігін дамыту өсірлік ұстанымдарына қол жеткізуге мүмкіндік беріп, мығым әрі дамыған Қазақстанды құруға ықпал етеді.
Осыған орай, 2019 жылдың 20 тамызында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінің мәжіліс залында ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыру және үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген қызметкерлерді анықтау мақсатында «Полиглот» облыстықбайқауы өткізілді. Аталмыш байқауға қалалық және аудандық өрт сөндіру бөлімдерінен барлығы 5 үміткер қатысты. Шараға қатысушылар өзін-өзі таныстыру, экранда берілген төтенше жағдайлар терминдерінің қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларын айту, экранда берілген қазақ халқының салт-дәстүріне, тұрмысы мен мәдениетіне байланысты сұрақтарға қазақ тілінде жауап беру, карточкада берілген табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ахуалды бағалап, сипаттап беру секілді тапсырмалар бойынша сынға түсті.
Байқау болған соң бақ шаба ма, бап шаба ма демекші арагідік сыннан сүрінбесе де қиналып, мүдіргендері де кездесті. Сондай-ақ керісінше алдына жан салмай үздік шыққандары да ұшырасты. Бірі құйқылжыта ән салса, енді бірі тебірене жыр шумақтарын оқыды. Ал енді бірі қазақ мақал-мәтелдерінің ағылшын, орыс тілдеріндегі аудармаларын айтып берді. Әділқазылар алқасының төрағасы, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Ішкі және сыртқы коммуникациялар қызметінің бас маманы Сәуле Әсетқызы Мұнатаева байқауға қатысушы үміткерлердің көрсеткен өнеріне тәнті болғандығын жасырмай, одан әрі де дайындықтарын арттыра түсулері қажеттігін атап өтті. Шара соңында жүлделі ІІІ-орынды Мекеменің медибке-құтқарушысы Дина Каримбаева иеленді. Ал Тараз қалалық №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Асанәлі Алиханов екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ жүлделі
І-орынды күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының диспетчері Жанар Назанова жеңіп алды. Дегенмен Шу ауданы, Шу қалалық №5 Өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші Есенаман Нәдірбек өзгелерден оқ бойы алға шығып, бас жүлдені жеңіп алып, қыркүйек айында Көкшетау қаласында өткізілетін Республикалық «Полиглот» байқауына баратын жолдаманы жеңіп алды.
Жамбыл облысы ТЖД
Өрт сөндіру қызметінің
Ішкі және сыртқы коммуникацялар тобы