18 Kyzyl Orda Seminar 1 Жақында Қызылорда облысы Арал ауданы Қамыстыбас ауылы «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығының базасында «Жазғы тынығу лагерьлерінің дайындығы, балалардың қауіпсіздігі мен олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.
Семинарға Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова, Қызылорда облысы білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Ерлан Қарабалаев, Қызылорда қаласының «Сырдария», «Арай-Санрайз», Арал ауданының «Қамбаш», Қазалы ауданының «Шағала», Жалағаш ауданының «Ақ терек», Сырдария ауданының «Жалын», Шиелі ауданының «Сыр ұланы», Жаңақорған ауданының «Тау самалы», «Талды су» лагерлерінің өкілдері қатысты.
18 Kyzyl Orda Seminar 2 Алғашқы сөз Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа беріліп, ол жазғы демалыс маусымының ашылуымен көпшілікті құттықтап, алдағы атқаратын қызметтеріне сәттілік тіледі.
Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің Балалар және білім беру нысандарын санитарлық–гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Алма Шуақбаева өз саласы бойынша баяндама жасап, балалардың жеке басының тазалығына, дұрыс тамақтануына және мекеменің тазалығына тоқтала кетті.
Семинарда Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Саид Молдақараев облыстың су айдындарында адамдардың қаза болуының алдын алу және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөнінде толық тоқталды. Семинар қатысушыларына өрттің алдын–алу, өрт болған жағдайдағы іс–әрекет, өрт сөндіру құралдарын пайдалану және су объектісін таңдау, жағажайларда қауіпсіз шомылуды ұйымдастыру, суға кетушіні құтқару тәсілдері туралы айтты.
"Жоғарыда айтылғандай, демалыс кезінде өрт қауіпсіздігі және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға кепілдік береді"- деді полковник Саид Молдақараев.
 
Қызылорда облысының ТЖД