24 geroi atr Тұрғындар өз батырларын білуі тиіс, сол мақсатта «Қазақстан – Атырау» телеарнасының «Бізбен бірге» бағдарламасының кезекті шығарылымы бейбіт өмірімізде де ерлікке орын бар екенін дәлелдеген батыл әрі біреудің қиындығына бей-жай қарай алмайтын тұлғаларға арналды.
 Баспасөз назарынан қымсынған, өз істерін ерлікке баламайтын Абат Акетов, Азамат Ағисов және Рустам Тағаниязов тікелей эфирде ағымдағы жылғы 13 маусымда болған оқиғаны әңгімелеп берді. Сол күні Атырау қаласының тұрғын үй секторында екі қатарлы тұрғын үйде өрт шықты. Үйде тек төрт бала қалған, үлкені 7 жаста.
 Өмірлері қыл үстінде тұрған балаларға көмекке тек осы үш батыл ерлер келді.
 Абат Акетов – «ГазСенТехМонтаж» ЖШС экскаваторшы, Азамат Ағисов – «ТрансТелеком» АҚ филиалының байланыс инженері, Рустам Тағаниязов – наубайхананың жүргізушісі.
 Олар өртеніп жатырған үйді көріп, ойланбастан тез жетеді. Аула ішінен оларды кішкентай бала қарсы алып, екі інісі мен қарындасын құтқаруды сұрайды.
 Айтқанындай, терезеден үй ішінде қорқыныштан жүгіріп жүрген балаларды көреді. Олардың өмірлеріне үлкен қауіп төніп тұрған болатын. Жалыңдаған оттан қорыққан кішкентайлар сыртқа шыға алмай, шарасыз күйде қалған.
 Әдетте, мұндай жағдайларда уақыт секундпен өлшенеді. Бір сәтке де ойланбастан, бүгінгінің үш батыры қайсарлық танытып, лаулаған отқа қарамастан балаларды өртке оранған үйден алып шықты.
 Әңгімелерін тыңдап отырғанда оқиға көз алдыңнан жүріп өтіп, жаның түршігеді.
 Аталған бағдарламаға Атырау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі №1 Өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Т.С. Латиев қатысып, батырларға шұғыл жағдайда батылдық танытқандары үшін ризашылығын білдірді. Балалар Абат Акетов, Азамат Ағисов және Рустам Тағаниязовтардың жедел әрі білікті іс-әрекеттерінің арқасында ғана аман қалды. Өрт кезінде секундқа кешеуілдеудің өзі балалардың өміріне қауіпті еді. Жігіттер нағыз батырлардың ісін танытты.
 Сондай-ақ, құтқарылған балалардың әкесі балапандарының өмірін аман сақтап қалғандарға шексіз алғысын жеткізді.
 
 
Азаматтық қорғау капитаны Э. Гумарова,
Атырау қаласы ТЖБ инженері