24 SMI o K4S 1 Біздің анықтама:
Нұргелді Әбдіұлы – 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам ауылында дүниеге келген. Ұшқыштардың дені зеңгір көкке самғауды бала кезден армандайды. Бүгінгі кейіпкеріміз де талай рет көкке телміріп, ой құшағына енген.
– Ұшқыш болуды армандамаған бала кемде-кем болар. Бiрақ арманына қол жеткiзгендер аз. Сiздi алға жетелеген қандай күш?
– Бала күнімде достарыммен аспанға көз тастап, ержеткен соң ұшқыш боламыз деп жиі армандайтынбыз. Одан бөлек, іргелес көршіміз ұшқыш болатын. Басынан өткерген түрлі оқиғаларын баяндап, тіпті қызықтырып қоятын. Сол уақыттан бастап ұшқыш болсам деген арманның жетегінде жүрдім. Мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім. Бірінші курста авиация саласын теория жүзінде меңгердік. Екінші курстан тікұшаққа мініп, тәжірибе жинақтадық. Оқуды бітірген соң ұшақты бірден басқару мүмкін емес. Ол үшін ізденіс пен тәжірибе керек. Авиация саласында қызмет етуді армандап, кейін қатал тәртіпке шыдай алмай, оқудан шығып кеткен курстастарымыз да болды. Мұндай жағдайға тап болмас үшін, ең бастысы, еңбек пен техникалық бейімділік керек. Мысалы, кейбіреулер қанша тырысса да, көлік айдаудың шебері атана алмайды. Ұшқыш үшін денсаулық та маңызды.
24 SMI o K4S 2 Өйткені күн сайын ұшудан денсаулығың жақсармайды. Қанша мықты денсаулық болса да, уақыт өте сыр беруі мүмкін.
– Алғаш ұшаққа отырғанда қандай сезімде болдыңыз?
– Әлі есімде, екінші курстың аяғында алғаш тәжірибе жүзінде «Bell 206 B3» тікұшағымен ұштық. Әрине, бастапқыда үрей басым болды. Дегенмен алға қойған мақсатқа жету үшін қиындықты жеңе білу қажет деп алдыма мақсат қойдым. Осылайша бойымдағы қорқынышты жеңдім.
– Оқуды тәмамдаған соң бірден жұмысқа орналастыңыз ба? Әлде қиындықтарға кезіктіңіз бе?
24 SMI o K4S 3 – Білікті ұшқыштың жұмысқа орналасуы оңай. Өйткені елімізде ұшқыштар жетіспейді. Яғни маман тапшылығы сезіледі. Әрбір маманның теория мен тәжірибе жүзінде алған білімі талапқа сай болса, жұмыс оны іздейді. Дегенмен, мемлекеттік грант негізінде оқыған жақсы. Өйткені ұшқыш болу қомақты қаражатты қажет етеді. Мәселен, әуе компаниялары оқуды тәмамдаған түлектен қанша сағат ұшақты басқарғанын есепке алады. Тәжірибесінің қаншалықты екенін бағамдайды. Бір айта кетерлігі, бітіргеннен кейін бір жылда жұмысқа орналаспасаң, оқуың жарамай қалады. Қайта оқып шығу үшін 1,5-2 миллион теңге керек. Мысалы, Азаматтық авиация академиясын 6 студент бітірдік.
Оқуды аяқтаған соң барлығымыз жолдама арқылы жұмысқа орналастық.
– Отандық ұшқыштарды даярлаудың қазіргі жағдайы қалай?
– Ұшқыштардың тапшылығы тек елімізде ғана емес, әлемде бойынша өзекті. Жоғары санатты ұшқыш даярлау үшін белгілі бір материалдық ресурс пен уақыт қажет. Еліміздегі ұшқыштардың 65 пайызы қазақстандықтар, ал 35 пайызы шетелдіктер. Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында ұшқыштар даярлаудың жаңа заманауи бағдарламалары бар. Академияның материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Былтырдан бастап фин компаниясы келісімге сәйкес ұшқыштар даярлауға жәрдемдесуде. Қазір іріктеуден өткен 12 студент фин нұсқаушыларынан оқудан өтті, бүгінде олар Финляндияда тәжірибе жинақтауда.
– Ұшқыштардың дәрежесі әуеде қанша уақыт самғағанына қарай бағаланады емес пе?
– Рас, көп ұшу – ұшқыштардың дәрежесін арттырады. Мәселен, арамызда 1500-1800 сағат әуеде болған ұшқыштар бар. Ал мен студент кезімде оқу-жаттығу барысында 135 сағат ұштым. Жұмысқа орналасқаныма бір жыл болды, осы аралықта 60 сағат ұштым.
– Басқаратын арнайы тікұшақтарыңыз бола ма? Әлде...
– Ұшқыштар заң жүзінде бекітілген арнайы рұқсатнамасы бар тікұшақты ғана басқаруға құқылы. Кез келген ұшаққа отыру қауіпті. «Үйренген жау атыспаққа жақсы» демекші, өзің үйренген тікұшақтың қандай ақауы бар екенін білесің, қимыл-қозғалысына да қол үйренеді. Сондықтан өзімізге бекітілген тікұшақты ғана басқарамыз.
– Ұшақ өзіңізге бағынбай, басқара алмай қалған сәттер болды ма?
– Құдайға шүкір, ондай жағдай орын алған емес. Ұшақ бағынбайтын сәттер, ең алдымен, ауа-райына байланысты болады. Мәселен, тікұшақтардың салмағына қарай желге төтеп беру заңдылығын сақтау қажет. Мысалы, мен басқаратын ЕС-145 тікұшағының салмағы – 8 тонна. Мұндай салмақтағы тікұшақ 28 метр секундына соққан желге төтеп бере алмайды. Сондықтан ұшар алдында брифинг залынан ауа райы болжамын алып, алдын ала қауіпсіздік шараларын ескеріп отырамыз.
– Мамандар әуеде көп ұшу денсаулыққа зиян деп жатады. Келісесіз бе?
– Негізінде тікұшақты басқару адам денсаулығына айтарлықтай зиян емес. Өйткені, тікұшақ баппен жоғары көтеріліп, ұшақ сияқты бұлттардан биік ұшпайды. Денсаулыққа пайдалы тағаммен тамақтанып, күш жинап отырсаң болғаны. Ал есесіне, алып ұшақтар биікке неғұрлым жоғары көтерілген сайын, қысым жоғарылап, оттегі жетіспеушілігі сезіледі. Сондай-ақ, ұшақтағы түрлі басқару техникалары, компьютер де қысымды одан сайын арттырады.
– Еліміздегі жалақысы жоғары маманның бірі – ұшқыштар. Айлықтарыңыз қанша?
– (Күліп). Елімізде әуе компаниялары көп. Ұшақтың немесе тікұшақтың сан алуан түрі болғандықтан жалақы да әртүрлі. Оған қоса, ұшқыштың дәрежесі де есепке алынады. Ал тәжірибелі ұшқыштар 2000 сағаттан астам ұшса, жалақысы едәуір артады. Менің жұмысқа орналасқаныма бір жылдан асты. 160 мың теңге жалақы аламын. Оған бір ай көлемінде қанша сағат ұшқанына қарай үстемақы төленеді.
– Тікұшақтың ұшақтан айырмашылығы неде?
– Бастапқы айырмашылығы аэродинамикасында. Құстар секілді адамдар ойлап тапқан ұшу аппараттарына қанаттар қажет. Ұшақтарда ол құралдар қозғалыссыз күйде тұрса, тікұшақта шыр айналады. Қарапайым айырмашылықтың тағы бірі, ұшақтар құлап кетпеу үшін үнемі қозғалыста болуы тиіс және ұшып-қону үшін үлкен алаң қажет. Ал, тікұшақ қалағы ауада қозғалыссыз қалықтап, тік көтеріліп, төмендейді және қонады, кез келген бағытта қозғала алады.
Сонымен бірге, маневрлік әрекетте де өзгешеліктер білінеді. Тікұшақтар ауада бір орында қалықтап тұрып, «алға, артқа» жүре алады. Сондай-ақ, тікұшақтар жүкті сыртқы жағында іліп тасуға қауқарлық танытқандықтан, өте үлкен заттарды таси алады. Монтаждық жұмыстарда да кәдеге жарайды.
– Тікұшақтың негізгі қызметі қандай?
– Шет немесе таулы аймақтарда тұратын өңір тұрғындары үшін тікұшақтың қызметі орасан зор. Қыста ақ түтек боранда, кейбір бағыттардағы автокөлік жолдары жиі жабылады. Дәрігердің ауыр науқастарға жедел жетуі қиынға соғады. Осындай сәтте тікұшақтың көмегімен тиісті мамандар науқастарға алғашқы көмек берсе, қыста жолда қалғандарды құтқаруға жәрдемдеседі. Ал су басу қаупі бар елдімекендерді тікұшақпен сала мамандары бақылап, судың мөлшерін бағамдайды. Тікұшақтар әуеде кез келген қимылды оңай жасап, ұшады. Тіпті тау арасы немесе тар шатқалда бұрылыс жасамай, әуеде кері шегіне алады. Тікұшақтың тағы бір ерекшелігі, кез келген ауа-райы жағдайында ұша береді. Мен басқаратын тікұшақ науқастардың денсаулығын бақылайтын, алғашқы көмек беретін медициналық және соңғы үлгідегі навигациялық құралдармен жабдықталған. Мәселен, 30 наурыз күні Қазалы ауданы, Бірлік ауылындағы жүкті әйел қан кету диагнозымен Қазалы аудандық ауруханасына түсті. Елдімекенді су алып кетуіне байланысты кей жолдарды айналып өтіп, үш жарым сағат көлемінде жүкті келіншек ауруханаға жеткізілген. Соған байланысты жедел түрде облыс орталығынан реаниматолог пен акушер-гинеколог мамандар тез арада келген болған. Біздің жұмылдыру тобымыз дер кезінде тікұшақпен дәрігерлерді жеткізді. Ота жасалып, ана мен бала өмірі құтқарылды. Міне, тікұшақтың көмегімен адам өміріне араша түсуге, уақытты үнемдеуге болады.
– Ұшқыш болғысы келетіндерге қойылатын талаптар қандай?
– Ұшқыш болу – көп жастың арманы. Тек осы арманға мақсатты түрде жететіндер аз. Ұшқыш атанудың ең басты талабы – алға қойған мақсатыңнан таймау. Өйткені елімізде ұшқыштар даярлау ісі жолға қойылған. Медициналық тексерістен өткен әрбір талапкердің грантқа түсуге мүмкіндігі зор. Медициналық комиссия мүшелері көздің көру қабілетін, қан қысымын, қандай ота жасалғанын тексереді. Көру қабілетіңіз жақсы, қан қысымыңыз қалыпты болса, конкурсқа түсіп, бақ сынайсыз. Жүрек түкпірінде ұшқыш болсам деген арман болса, осы мүмкіндіктерді пайдалансаңыз жеткілікті. Өйткені ұшқыш болу жүректің батылдығы мен мінездің қайсарлығын талап етеді.
– Екінші ұшқыштың қызметі қандай?
– Екінші ұшқыштың негізгі қызметі командирге көмектесу. Авиацияда да бір ұшқыш әрқашан әуе кемесін басқарса, екіншісі оған көмектесіп отырады. Мәселен, маршрутты модификациялайды немесе диспетчермен байланыс орнатады. Қайту рейсінде біз орын алмасамыз. Екіншісі басқарып, біріншісі бақылау жасайды.
– Сұхбатыңызға рақмет.
 
Сұхбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
«Ақмешіт жастары» газеті, 12 сәуір 2018 жыл.