25 sko sotr Өрт сөндіруші-құтқарушылардың қызметі қашан да қауіп-қатерге толы. Адам өміріне араша түсіп, жалындаған тілсіз жаумен күресте төтенше жағдайлар қызметкерлерінің еңбегі ерен. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Өрт сөндірушілерде «жауынгерлік есеп» деген ұғым бар. Бұл ұғым - өртке қарсы күресетін өрт сөндірушілер командасының өз есептеріне қашан да 100% әзірлікте болу керектігін айшықтайды. Осылайша, жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады. Өрт сөндіру қызметкерлерінің басты мақсаты - еліміз үшін ең қымбат қазына адам өмірін сақтау, өрт оқиғаларын ауыздықтау, салдарымен, себебімен күресу. Ұзақ жылдар осы салада еңбек еткен әрбір өрт сөндірушінің жүрегінде Отансүйгіштік сезімі болған күнде ғана өрт апаты азаяды деп ойлаймын.
 19 қазан – құтқарушылар күнінің қарсаңында 25 жылдық өмірін осындай қауіпті де қатерлі, жүректілік пен батырлықты талап ететін қызметке арнаған, жуырда құрметті еңбек демалысына шыққан Мырзахметов Серікпен кездесіп, сұхбаттасқан едік.
Серік Жұмағалиұлы, ең алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз?
Өзім 1972 жылы Солүстік Қазақстан облысы Шал ауданымыздағы Алқаағаш ауылында дүниеге келгенбін. Қарапайым отбасында 5 бала тәрбиелендік. Бала кезімізден ата-анамыз еңбекқорлықты, адамгершілікті, сыпайылықты т.с.с адами құндылықтарды бойымызға сіңірді.
Сіз өрт сөндіру қызметін бала күніңізден армандадыңыз ба?
Жоқ, өрт сөндіруші боламын деп армандаған емеспін. Арманым – құрылысшы болу еді, еңбек жолымды құрылысшы болып бастадым да. Отбасын құрғаннан кейін, аудан орталығына көшіп келгесін өрт сөндіру саласында еңбек етуге бет бұрдым.
Аса жауапкершілікті, батырлықты қажет ететін жұмысқа келуіңізге не себеп болды?
2 жыл әскер қатарында борышымды өтеп, әскери тәртіпке үйрендім. Нағыз ер азамат әскери тәртіпке негізделіп өмір сүруі керек деп білдім. Сондықтан болар, өрт сөндіру бөлімінде бос орын барын естігенімде, бірден ұшып барып, құжаттар жинауға кірістім.
Жұмысыңыз өзіңізге ұнады ма?
Әрине, жұмысыма бірден әзірлікпен кірісіп, 25 жылдың қалай өте шыққанын байқамай қалыппын. Әр жұмыстың өзіне сай ауырлығы болады ғой, сол сияқты өрт сөндірушілердің жұмысы табандылықты, қаһармандылықты талап етеді. Адам өміріне қауіп төнген жағдайда адамды құтқару әрдайым басты орында.
Өрт сөндірушілерге қандай мінез тән?
Қызыл жалынды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн.
«Тілсіз жаумен» арпалысқан уақытта қандай сезімде боласыз?
Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар аңсар-назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Басқа әлемді мүлдем ұмытамыз.
Жүрексінетін кездеріңіз болды ма?
Оттан қорықсам, өрт сөндіруші болмас едім...
Өзіңізге ерекше әсер еткен, көптен бері ұмыта алмай жүрген оқиғаңыз бар ма?
Әрине, ондай оқиғалар көп болды. Шопан Дүйсен көшесінде орналасқан, «Север» дүкенінің үстіндегі өртте әкесі мен баласының өртенуі, Октябрьск ауылында болған өртте 2 баланың бірден кетуі көкейімде қалып, көпке дейін ұмыта алмадым. 1998 жылы жанып жатқан тұрғын-үйге келіп, қызыл жалынды ауыздықтау сәтінде үйде баллон бар екенін білдім, алып шығам дегенде, баллон жарылып, жарақат алдым, бетіме түскен жарақат көпке дейін сол оқиғаның белгісі болып басылды. Сондай-ақ, қыстың қақаған -40°С аязында Гагарин көшесіндегі тұрғын үйдің жануы өрт сөндірушілерге ұзаққа созылған қиын өрттердің бірі болды.
Өрт болмаған кезде өрт сөндірушілердің күні қалай өтеді?
Өрт сөндірушілердің күні сапқа тұрып, ауысымның алмасуынан басталады. Бөлімдегі әр сағаты жоспарлы, олар алдымен, өрт сөндіру құралдары мен техниканың жағдайын тексереді, теориялық сабақтар өткізеді, оқу-жаттығу, дене шынықтырумен айналысады. Бөлімде асхана, демалыс орны да бар. Барлығы темірдей тәртіпке бағынады.
Гүлзада Егісқызы, Сіз үшін өрт сөндірушінің әйелі болу қиынға соқпады ма?
Жолдасымның жұмысы ауыр болды, дегенменен әрдайым қолдап, амандығын тілеп, ізіне қарап отыратынмын. Әсіресе, қысты күндері қиындау болды, қыстың аязымен отпен арпаласып, суға тиген үсті –басы қатпар-қатпар мұз болып келген кездері де болды. Осындай кездерде әрдайым қасынан табылып, жылы шыраймен қарсы алып отыруға тырыстым. Өрттен келгеннен кейін, киімдерін ешқашан жуғызбайтын, сол күні жатып, келесі күні бірақ жууға рұқсат етіледі. Сөйтсем, өздерінің ырымдары бар екен, жуғызбаудың себебі, өрт болмасын дегендері екен. Қырағылық пен жауапкершілікті қажет ететін қызметте жүрген жылдары жолдасыма ең ауыр тигені, 2015 жылы анасы мен қарындасының өрт салдарынан дүниеден өткені. Көптеген жылдар бойы өзі өрт пен өмірдің арасында жүріп, талай жанның өмірін сақтап қалған жанға дәл осылай туғанынан айырыламын деген ой келер ме еді? Бұл жағдай біздің отбасымызға үйірілген қара бұлттай көрінді. Еңсемізді түсіріп, қабырғамызды қайыстырған қайғылы оқиға тағдырдың бір сынағы болған шығар... Осындай кезеңде ағайын-туыстардың көмегімен, бірге қызмет еткен жауынгерлердің, өрт сөндіру басқармасының қасымыздан табылып, қолдағаны біз үшін қайғыдан шығуымызға септігін тигізді.
Өрт сөндіру бөлімінің ұжымы жайлы не айтар едіңіз?
Өрт сөндіру мекемесі – біздің ортақ үйіміз. Бәріміз бір үйдің адамындай бір-бірімізге сыйластықпен, құрметпен қараймыз. Бөлімде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, барлығымыз жанұямызбен бір адамдай жиналамыз. Көп жылдар бойы бөлімдегі әйелдер кеңесінің төрағасы болып, қызметкерлердің әйелдерімен жұмыс жүргіземін, басты назарды, отбасындағы қарым-қатынасқа бөлеміз. Отбасында үйлесім болып, жұбайы қашан да қолдап, отырса, жолдастарымыз жұмысқа жан-тәнімен беріліп, шаршағаны білінбей, үйге келгенде, өз ортасына түсіп.
Серік Жұмағалиұлы, әріптестеріңіздің арасында ұзақ жылдар бірге бойы жұмыс істеген, сенім артып, арқа тірер азаматтарыңыз болды ма?
Әрине, ондай азаматтар көп. Бәріміз де бір-бірімізге қолдаушымыз, бірін-бірінен бөле-жара асырып айта алмаймын. Дегенмен, 17 жыл бірге істеген, кейіннен өрт сөндіру бөлімінің бастығы болған Тоққожин Талғат Кенжеғалиұлын ерекше атап айтқым келеді. Ақ жарқын, жүрегі кең, қашанда түсінушілікпен қарайтын азамат жақсы басшы бола білді. Талғат Кенжеғалиұлының білікті басшы екенінің дәлелінің бірі – 2012 жылы өткен республикалық аттестатау барысында көрінді. Біздің ұжым аттестаттаудан 100% өтті, бұл ең алдымен, көп жыл бойы жұмыс істеген басшының еңбегі. Ол кісі дене шынықтыру дайындығын қатаң қадағалап, тестілеу сұрақтарына да аса көңіл бөлді. Сонымен қатар психологиялық жағынан қолдап, бойымыздағы сенімділікті арттырды.
Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек жолдар едіңіз?
Әріптестеріме осы мереке күні жұмыстарына табыс, жанұяларына амандық және зор денсаулық тілейміз. Еңбектері адамдардың алғыстарымен бағаланып, тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлденуіне үлесін қоссын дегім келеді. Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз.
Серік Жұмағалиұлының көп жылғы еңбегі зая кетпеді, кей кездері өрт сөндірушілердің жұмысы сынға алынып жатса да, өрттен аман қалған, мүлкін сақтап қалған зардап шегушілер баспа сөз беттеріне алғыстарын жариялаған кездер аз болған жоқ. Ағамыздың алдағы уақытта көзайым қуанышы, сенім артар ұлы – Мағжан, әке жолын қуып, өрт сөндіруші қызметіне орналасып, орнын басып отыр. Бұл Серік аға үшін үлкен абырой.
Көпжылғы адал еңбегі бағаланып, «Мінсіз қызметі үшін» 3, 2 дәрежелі медалі және «Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» медалімен, сондай-ақ, көптеген алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталған.
Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі маман¬дық¬тардың бірінен саналады. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Осындайда орыс жазушысы Владимир Гиляровскийдің мына сөзі тілге оралады: «Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді».
 
Сұхбаттасқан
Маржан Таушарова
Солүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданының
музей қызметкері