Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір ата-ана үшін маңызды міндет. Бүгінгі таңда балалардың отпен ойнауынан туындайтын арты қайғылы оқиғаларға алып келетін «кездейсоқтыққа» ата-аналардың балаларын жиі қараусыз қалдыруы әсер етеді.
Бірер күн бұрын «101» пультіне «Автоматика» ТЖ мекен жайындағы баспанада өрт болып жатқандығы туралы хабар түсті. №8 ӨСБ және №5 МӨСБ кезекші қарауылдары сағат 12:12-де келген кезінде бесқабатты тұрғын үй кешенінің төртінші қабатындағы №13-пәтерде өлшемі 2 м2 матрас өртеніп жатқан. Өрт нәтижесі бойынша жедел медициналық көмек қызметкерлерімен сағат 12:44-те үш баланың қаза болғаны анықталды. Осындай қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында Астана қаласы ТЖ департаменті әрдайым тұрғындар арасында профилактикалық іс-шаралар өткізіп, барлығын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. «Өртті сөндіргеннен оның алдын алу оңайырақ» демекші барлық азаматтар өрт қауіпсіздігі ержелерін білгені абзал.
Әр жыл сайын суық түсіп от жағатын маусым басталуға таяғанда өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланады, оның шеңберінде ТЖД қызметкерлері аулаларды аралар рейдтер өткізеді. Рейдтер барысында үйлердегі пештер мен мұржалардың ережеге сәйкес салынғандығы тексеріліп, қандай да бір олқылықтар болып жатса, үй иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтай отырып дұрыс салыуна кеңестер беріледі, жадынамалар таратылады. Алайда біздің көптеген азаматтарымыз өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселесіне бейжәй қарайды. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, пеш жағу маусымы басталғалы бері түтінмен уланған бірнеше адам ауруханаға жатқызылған. Уланудың негізгі себебі - жылыту пештерін дұрыс орнатылмауы болып табылады.
Әрбір ересек адам баланың тентектігі мен абайламаушылығына жауап беретінін түсінуі керек. Балаларды уақытылы және дер кезінде қауіпсіздік ережелерімен таныстырып отыруымыз керек. Ол үшін өзім де әрдайым төтенше жағдайлардан сақтанып, қағидаларды бұлжытпай ұстануымыз керек. Және, ең бастысы, қандай жағдай болмасын жас балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауымыз керек!
Астана қаласы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы