Қызмет бағыты, міндеттері және функциялары

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
Төтенше жағдайлар комитетінің Шығыс өңірлік аэроұтқыр
жедел-құтқару жасағы (Өскемен қаласы)»
мемлекеттік мекемесінің жарғысы
 
1.Жалпы ережелер
1. «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы(Өскемен қаласы)» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2.Мемлекеттік мекеменің түрі: республикалық.
3. Мекеме кәсіби авариялық-құтқару қызмет болып табылады.
4. Мекеме «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агентігінің мемлекетік мекемелерін құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 8 маусымдағы № 1037қаулысына сәйкес құрылды.
5. Мекеменің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі тұлғасындағы мемлекет болып табылады.
6. Тиісті саланың уәкілетті органы, сондай-ақ оған қатысты Мекеме мүлкіне байланысты құқық субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (бұдан әрі - Комитет) болып табылады.
7. Мекеменің атауы:
Мемлекеттік тілде: «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы (Өскемен қаласы)» мемлекеттік мекемесі;
Орыс тілінде: Государственное учреждение «Восточный региональный аэромобильный оперативно-спасательный отряд (город Усть-Каменогорск) Комитета по чрезвычайным ситуациям Министерства внутренних дел Республики Казахстан».
8. Мекеменің орналасқан жері: индексі 070000, Шығыс Қазақстан облысы, Оскемен қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 265/1.
2. Мекеменің заңды мәртебесі
9. Мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап мекеме құрылған болып есептеледі және заңды тұлға құқығын иемденеді.
10. Мекеменің Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес дербес теңгерімі, банктерде есепшоттары, мемлекеттік тілде атауы бармөрлері мен мөртаңбалары, бекітілген үлгідегі бланкілері болады.
11.Мекеме басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
12. Мекеме өзінің міндеттеріне сәйкес қарамағындағы барлық қаржы-қаражатқа жауап береді.
13. Мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелері оларды Қазақстан РеспубликасыҚаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде міндетті тіркегеннен күшіне енеді.
3. Мекеме қызметінің мәні мен мақсаттары
14. Мекеме қызметінің мәні төтенше жағдайлардың алдын алу жәнеоларды жою болып табылады.
15. Мекеме қызметінің мақсаты:
1) авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды, соның ішінде аса ауыр және жоғары қауіпті жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу;
2) су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
16. Мекеме мақсатқа жету үшін қызметтің мынадай түрлерін жүзеге асырады:
1) авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды, суда құтқару және сүңгуір-іздеу жұмыстарын жүргізеді;
2) Комитет төрағасының шешімі бойынша еліміздің аумағында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша еліміздің аумағынан тыс жерлерде төтенше жағдайларды жоюға қатысады.
3) жергілікті атқарушы органмен, мүдделі мекемелермен, ұйымдармен және кәсіпорындармен бірлесіп, халықтың қауіпсіздігін, оның ішінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлар мен шараларды әзірлейді және іске асырады;
4) халықтың арасындатабиғи және техногендік сипаттағы, оның ішінде су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюғабағытталған профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;
5) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетеді;
6) төтенше жағдайлар туындаған аймаққа жылжытуға және авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге Мекеменің күштері мен құралдарын тұрақты әзірлікте ұстайды;
7) авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасына, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде адамдар өмірін құтқару және көмек көрсету іс-қимылдарына жеке құрамды тұрақты жүйелі арнайы даярлықты және оқытуды жүргізеді;
8) сүңгуірлік жұмыстарға маманданудың 3-тобының сүңгуірлерін, Комитеттің кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары үшін бағдар ұстаушы шағын кемелердің моторшыларын даярлайды;
9) ерікті құтқарушыларды даярлау бойынша курстарын ұйымдастырады және қоғамдық құтқару бекеттерін құру бойынша шаралар қабылдайды;
10) халықты жүзуге, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерді құтқару және көмек көрсету тәсілдеріне үйретуге қатысады;
11) материалдық-техникалық жарақтандыру жөніндегі және Мекеме қызметкерлерін еңбекке жарамдылығын қалпына келтіру мақсатында медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
12) өз құзыреті шегінде:
терроризммен күрес бойынша жедел штабтар жұмысына;
Терроризмге қарсы комиссия жұмысына қатысады.
17. Мекемеге осы Жарғыда бекітілген қызметтердің нысанасына және мақсаттарына жауап бермейтін қызметті жүзеге асыруғажәне мәмілелер жасасуға тыйым салынады.
18. Мекеменің Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе құрылтайшы құжаттарымен анық шектелген не басшының жарғылық құзыретін бұзып, қызметтер мақсатына қарсы жасаған мәмілесі тиісті сала уәкілетті органының немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
19. Мекеме басшысының (бұдан әрі – басшы) және ол жоқ кезде оның міндетін атқарушы адамның Мекеменің жарғысына қайшы қызметтерді жүзеге асыруға бағытталған іс-қимылы еңбек міндеттерін бұзу болып табылады және тәртіптік, әкімшілік және өзге де жауапкершілік шаралар қолдануға әкеп соқтырады.
4. Мекемені басқару
20. Мекемені жалпы басқаруды Комитет жүзеге асырады.
21.Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Мекеме атына мүлікті бекітеді;
2) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне (бұдан әрі - Министрлік) міндеттемелер мен төлемдерді қаржыландыру жөніндегі жеке жоспарды бекітуге жібереді;
3) Мекеменің мүлігін сақтауға бақылауды жүзеге асырады;
4) Мекеменің Жарғысын, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бекітеді;
5) Мекеме басшысының құқығын, міндеттері мен жауапкершілігін, Мекеме басшысын және басшысының орынбасарын атқарып отырған лауазымынан босату негіздемелерін айқындайды;
6) Мекеме басшысын және басшысының орынбасарын (орынбасарларын) лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
6) жылдық қаржы есептілікті бекітеді;
7) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен Мекеме теңгеріміндегі мүлікті алып тастау және бөлу мәселелерін келіседі.
8) Қазақстан Республикасы заңнамаларында белгіленгенөзге де функцияларды жүзеге асырады.
22. Мекеменің құрылымын және штат санының лимитін Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте Комитет төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі (бұдан әрі – Министр) бекітеді.
23. Мекеме басшысы:
Мекеме жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Мекемеге жүктелген міндеттерді орындауға және олардың өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапкершілікте болады.
Комитет төрағасына тура бағынысында болады және Министрге және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына тікелей бағынады.
дарабасшылық принципінің негізінде жұмыс істейді және Мекеменің қызметіне қатысты мәселелерді Қазақстан Республикасы заңнамаларымен және осы Жарғымен айқындалған өз құзыретіне сәйкес шешеді.
24. Мекеменің басшысы Мекеменің қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамаларымен белгіленген тәртіпте:
1) сенімхатсыз Мекеменің атынан іс-қимыл жасайды;
2) өз өкілеттігі шегінде мемлекеттік органдарда (мекемелерде) және басқа ұйымдарда Мекеменің мүдделерін қорғайды;
3) шарттар жасасады;
4) сенімхаттар береді;
5) іссапарлар, тағылымдамалар, еңбек демалыстары (қызметкерлердің Қазақстан Республикасынан тыс іссапарға шығулары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің келісімі бойынша жүзеге асырылады) жоспарларын бекітеді;
6) банк шоттарын ашады;
7) өзінің құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады және Мекеме қызметкерлерінің барлығына міндетті нұсқаулар береді;
8) басшының орынбасарларынан басқа Мекеменің қызметкерлерін қызметке қабылдайды және қызметтен босатады;
9) Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіптеМекеме қызметкерлеріне ынталандыру шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады;
10) өз орынбасарларының және Мекеменің өзге басшы қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттік шеңберлерін айқындайды;
11) Мекеменің құрылымдық бөлімшелерінің ережелерін, Мекеме қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
12) Мекеменің аттестаттау комиссиясының жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады;
13) Мекеменің жылдық жұмыс жоспары мен табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға ден қоюдың жедел жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді және Комитет төрағасына бекітуге бекітуге ұсынады;
14) Комитетке белгіленген нысандарға сәйкес есепті дер кезінде ұсынуды қамтамасыз етеді;
15) Мекеменің құрылымдық бөлімшелердесыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер бойынша дербес жауапкершілікте болады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдайды;
16) Мекеменің өздерін үздік көрсеткен қызметкерлерін және авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстар кезінде ерекше көзге түскен басқа да азаматтарды мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау бойыншаКомитеткеұсыныстар енгізеді;
17) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақтылы қарауды қамтамасыз етеді;
18) Мекеменің ақпараттық-аналитикалық, ұйымдастырушылық-құқықтық, жұмылдыру, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету қызметін ұйымдастырады;
19) өз құзыреті шегінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырады;
20) Мыналар бойынша шаралар қолданады:
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге қатысқан құтқарушыларға медициналық қызмет көрсетуді, медициналық және психологиялық сауықтыруды жақсарту;
кәсіби шеберлігін шыңдауға және Мекеменің күштері мен құралдарын төтенше жағдайлар аумағына шығару
және авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге үнемі дайын болуын қолдау;
қызметкерлерді алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайындаужәне үйрету;
жеке оқу-машықтану базасын құру;
Қазақстан Республикасындағы және шет аймақтағы кәсіби, ерікті авариялық-құтқару қызметтерімен және құрылымдарымен өзара іс-қимылдарын дамыту.
21) Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы жарғымен және тиісті саладағы уәкілетті органмен оған жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Мекеменің мүлкін құру тәртібі
25. Мекеме жедел басқару құқығындағы оқшау мүлікке ие. Республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынған және жергілікті бюджеттен белгіленген тәртіпте берілген Мекемеге бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
26.Мекеме мүлкі заңды тұлғаның активтерін құрайды, оның құны Мекеменің теңгерімінде көрсетіледі. Мекеменің мүлкі:
мемлекет берген және республикалық бюджет есебінен сатып алынғанмүлік;
Қазақстан Республикасы заңнамаларымен тыйым салынбағанөзге декөздер есебінен қалыптасады.
27. Мекеме оған бекітілген және оған смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті оқшаулауға немесе өзге де тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.
28 Мекеменің қызметі республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
29.Мекеме Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізеді және есеп береді.
30.Мекеменің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру және тексеріс жүргізуді Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Мекеменің жұмыс режимі
31.Мекеменің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібі қағидаларымен бекітіледі және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының қағидаларына қайшы болмауы тиіс.
7. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі
32. Мекеме Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Комитет төрағасының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
33. Мекеме Жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес тіркеледі.
8. Мекемені қайта құру және тарату шарттары
34. Мекемені қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.