kti Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен қазақтың келіні – отбасының, елдің болашағы, босағаның беріктігі, өмірдің қызығы.
2016 жылғы 15 наурызда көктемнің шуақты мерекесі Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Достар» мәдениет сарайы қазақ келініне тән қасиеттерді сақтау, отбасы құндылығын нығайту, қазақ халқының мәдениетін жаңғырту мақсатында Көкшетау қаласының түрлі салада қызмет ететін әйелдері арасында «Босағаның құдіреті – келін» атты қалалық байқауын өткізді.

Байқау ұлттық киімдегі дефиле, өзін және отбасын таныстыру, ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс, ұлттық тағамдарды дайындау сияқты қызықты кезеңдерден құрылды.

Көкшетау техникалық институты бұл байқауға екінші мәрте қатысуда. Биыл Институт намысын Төтенше жағдайларда қорғау кафедрасының аға оқытушысы аға лейтенант Нұрғалиева Салтанат Төлеубекқызы қорғады.
Байқау қорытындысында қаланың мәдениет қайраткерлерінен құралған әділқазылар мүшелері гран-при мен бағалы сыйлықты ұқыпты дайындығы, өзіндік ерекшелігі әрі барлық отбасы мүшелерінің қолдауы үшін Салтанат Төлеубекқызына берді.

Институт ұжымы Салтанат Төлеубекқызын жеңісімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыстар мен отбасының амандығын тілейді!

КТИ баспасөз қызметі