img_9355 2015 жылдың 22 мамыры күні Астана қаласында өтіп жатқан «Инфрақұрылым: экономиканың тұрақты өсу драйвері» атты Астана экономикалық форумы аясында Бас прокуратурада «Заманауи қоғамның әлеуметтік-экономикалық өзгеруі жағдайында құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін дамытудың стратегиясы» тақырыбында панельдік сессия болып өтті.

Бұл форум жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Парламент, Премьер-Министр Кеңсесі, Қорғаныс министрлігі, Республикалық нотариалдық палатасы, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың ведомстволары мен мекемелері, отандық және шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, соның ішінде Қазақстан Республикасы ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтының бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі С.Д.Шәріпханов, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, тілдер және психологиялық дайындық кафедрасының бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Қ.Ә.Нарбаев қатысты.

Сессияның басты тақырыбы қазақстандық және халықаралық тәжірибе мен ынтымақтастық негізінде құқық қорғау органдарының кәсіби кадрлық құрамын қалыптастыру мен жетілдіруді басқару, психологиялық және полиграфологиялық зерттеулердің теориялық және практикалық өзекті бағыттары бойынша ведомствоаралық өзара әрекет етуді нығайтудың көкейкесті мәселелерін талқылау болды.
Талқыланып жатқан сұрақтар бойынша Ресей, Болгария, АҚШ, Канада және Баларусь шетел мамандары мен ғалымдары өз баяндамаларында пікірлерін білдірді. Сөз сөйлеушілер Құқық қорғау органдарының кадрлық саясаты тұжырымдамасы шеңберінде кадрлық әлеуетті қалыптастыру және кадрлық үлгіні жетілдіру бойынша жасалып жатқан шаралар, атап айтқанда құқық қорғау органдарының қызметтерін бағалаудың тәсілдері, кадр құрамының құзырлығы, мемлекеттік қызметтегі инновациялар, құқық қорғау органдарына кәсіптік және психологиялық іріктеу, полиграфологиялық  зерттеу және т.б. туралы айтты.
Форумға қатысушылар оның қорытынды бөлігінде 2016 жылғы ІХ Астаналық экономикалық форум аясында Құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін одан әрі жетілдіруге арналған панельдік сессиясын өткізу қажеттігі жөнінде бірлескен шешім қабылдады.

Қазақстан Республикасы ІІМ ТЖК КТИ баспасөз қызметі