Қорқыныш – қатты қорыққаннан пайда болатын және мүмкін болатын қауіпті сезінуімен сипатталатын үрейлену мен мазасыздану жай-күйі. Қорқыныш - адам ағзасын түрлі күтпеген төтенше жағдайлардан қорғайтын мықты қорғаныш реакциясы. Экстремальды саланың төтенше жағдайларында қызмет ететін психологтар үшін өткір стресске жауап ретінде жиі кездесетін реакция қорқыныш екені белгілі. Өмірдің күтпеген жерлерінен тап болған өзгерістерден қорқу - табиғи қалып.
Адам бойындағы жағымсыз эмоцияның салдары: аса нервтік қысым, сенімсіздіктің эмоционалды күйлері, адамды қашуға, құтқаруға ынталандыратын қорғауды іздеу. Егер адамда қысқа мерзімдік, сонымен қатар кенеттен тітіркенуден болған аса күшті қорқыныш туындаса, оны «шошу» деп атайды, ал тым ұзақ көрініс таба қоймайтын құбылысты «мазасыздық» деп атайды.
Қорқыныштың физиологиялық және психологиялық белгілері: жоғары тершеңдік, жүректің жиі соғуы, диарея, көз қарашығының үлкеюі немесе кішіреюі, зәр ұстамауы, жүгіртпе көзқарасы, мәжбүрлі түрде сөйлемеу, пассивтілік, әрекеттен бас тарту, әрекетіндегі сенімсіздік, сөйлеу ақауының туындауы, жағымсыз әдеттер. Бұл белгілер биологиялық қорқыныш немесе өмірге қауіп төнген кезде көрініс табады. Қорқынышты сезінетін адамдардың толыққанды өмір сүруіне кедергі жасайтын көз алдына елестер көрінеді. Өте күшті жағымсыз эмоция кезінде туындайтын сезінулер: ситуацияны бақылау мен адекваттылық жоғалады, ішкі тынығу немесе ступор пайда болады.
Қорқыныш әртүрлі көрініс табады, бірақ ортақ қасиеттері де бар: мазасыздық, түнгі қорқыныштар, тітіркенушілік, күдіктену, пассивтілік, жылау. Қорқынышты кез келген белгілері бойынша бөлуге болады. Мысалы, Карварский атты психиатр адам бойындағы қорқыныштарды келесі жіктемелерге бөліп көрсеткен: кеңістіктен қорқу (мысалы, ашық немесе жабық кеңістіктен қорқу, тереңдіктен және биіктіктен қорқу); әлеуметтік фобиялар (ол қоғамдық өмірмен байланысты, мысалы, көпшіліктің алдында сөз сөйлеу қорқынышы); нозофобиялар (кез келген аурумен ауырып қалудан қорқу); танатофобия (өлім қорқынышы); сексуалды қорқыныштар; өзіне және туысқандарына зиян келтіру қорқынышы; «контрастты» фобиялар (мысалы, «құдай алдында қызмет ету кезінде ұятқа қалдыратын бір әрекет жасап қоямын ба деген») қорқыныш; фобофобиялар (бір нәрседен қорқу қорқынышы).
Қорқыныштардың түрлері: әлеуметтік, биологиялық, экзистенциалды. Биологиялық топқа адам өміріне қауіп төнумен байланысты жайттар жатқызылады. Әлеуметтік топ әлеуметтік статустағы қорқыныштарға жауап береді. Экзистенциалды қорқыныштар адам интеллектісімен байланыстырылады және ол рефлексия шақыртады. Мысалы, уақыт алдындағы қорқыныш, адам өмір сүруінің маңыздылығы алдындағы қорқыныш. Бұл принципке сүйене келе: өрттен қорқу биологиялық категорияға, сахна алдындағы қорқыныш – әлеуметтік, өлім қорқынышы экзистенциалды қорқынышқа жатады.
Күнделікті өмірде, сонымен қатар төтенше жағдай кезінде адам қорқыныш эмоциясымен соқтығысады. Ересек адамдарға қарағанда балаларда қорқыныш басымырақ болады. Психолог төтенше жағдайға шыққанда балалардың қорқыныш күйін, олардың сөйлеу арқылы немесе жылау арқылы, сонымен қатар сурет салдырту арқылы анықтайды. Соңғы орын алған төтенше жағдай 13.06.2018 ж. көпқабатты үйдегі қылтиманың өртенуі болды. 7 жасар Аңсар атты бала және оның 6 жасар Дильназ атты қарындасы өрттен қорқып қалған. Оларды өрт сөндірушілер оқиға орнынан алып шығып шұғыл медициналық көмек көрсету бригадасына тапсырып жатқанында балалар «Бізді қайда алып кетеді?, Бізді полицейлер алып кетпейді ме?»,-деп қайта-қайта сұрап, қатты қорқып қалған. Белсенді тыңдау әдісі мен физикалық байланыс орнатылып, пластинография, мандалотерпия, арттерапия әдістері арқылы жұмыстар жүргізілді. Жүргізілген жұмыстардан соң балалардың ата-анасы алғысын білдірді.
Қорқыныштан қалай арылуға болады? «Ержүрек адам - қорықпайтын адам емес, әрекет ететін адам» деген керемет тұжырым бар. Аз қадам жасап, кезең-кезеңімен әрекет етіңіз. Биіктік қорқынышы кезінде биіктікті ұлғайтыңыз. Өмірлік сәттерге деген қарым-қатынасыңыз қаншалықты жеңіл болса, соншалықты мазасыздық та аз болады. Кенеттен әрекет етуге тырысыңыз, өйткені көп ойлану, дайындалу қобалжу мен мазасыздықтың дамуына әкеліп соғады. Жұмыстарыңызды, әрине, жоспарлауға болады, бірақ сол жұмыста көп бөгелуге тырыспаңыз. Егер әрекет етуге шешім қабылдасаңыз, әрекет етіңіз, ой-санаңыздың діріліне көңіл бөлмеңіз.
Қорқынышты қалай жеңуге болады? Бұл жағдайда нақты ситуацияны түсіну көмектеседі. Адам өзіне не қажет екенін түсінбеген кезде қорқады. Достық қарым-қатынаста болыңыз, көтеріңкі көңіл-күй ауруларды жеңуге көмектеседі. Қорқынышты жеңуде өзіңді тану көмектеседі. Кейде адам қоршаған ортасынан қолдау болмағандықтан өз-өзін түсінбей, өз күш-қуатына сенімсіз болады. Ауыр сың айтылған кезде көп адамдарда сенімсіздік төмендейді. Бұл адамның өзі туралы бейхабар болып, өзі туралы өзге адамдардан мәлімет алуы. Айта кетер жайт, өзге адамдардың түсінігі субъективті түсінік болып табылады. Көп адамдар өзгеге баға бермес түгіл, өз-өзін түсінбей, өзге адамдарға баға береді.
Өз-өзін тану – өзіңізді қандай болсаңыз да солай қабылдау, өз-өзімен болу. Өз қорқыныштарынан арылу – бұл оқу, даму, саналы, қуатты болу.
Егер өзге адам қорықса, қалай көмектесуге болады?
• Адамды жалғыз қалдырмаңыз, өйткені қорқыныш жалғыздықта ауыр өтеді.
• Адамның қорқынышы өте күшті болса, оған бірнеше әдістер қолдануға болады. Мысалы, демін тартып қалу, содан соң қалыпты дем алу.
• Кез келген эмоция ойлау іс-әрекетін қосқанда әлсірейді, сондықтан адамға интеллектуалды әрекет ұсынуға болады. Мысалы, 100ден 7 мәрте алу әдісі.
• Қорқыныш күйі бәсеңдеген сәтте, адаммен ол неден қорқатындығы туралы сөйлесіңіз, адам ішіндегі барлық сезімдерін шығаруы қажет.
Қорқыныш кезінде өз-өзіне қалай көмектесуге болады?
• Қорқыныш ойлау мен әрекет ету қабілетінен айырса, бірнеше әдістерді қолдануға болады. Мысалы, тыныс алу немесе физикалық жаттығулар.
• Қорқынышты не туғызып отырғанын дауыстап айту қажет.
• Егер мүмкіндік болса, өз қайғыңызбен айналадағы адамдармен бөлісіңіз, - аталған қорқыныш азая түседі.
• Қорқыныш жақындап келе жатқанын сезсеңіз, бірнеше тыныс алу жаттығуларын жасауға болады.
Жасауға болмайтын әрекеттер:
«Ол туралы ойлама!», «Бұл түкке тұрғысыз нәрсе!», «Бұл сандырақ!» деген фразалармен адамды сендіруге болмайды. Адам бұндай күйде болғанда, оған қорқыныш эмоционалды тұрғыда ауыр болады.
Қорқыныш – адам ағзасының дағдыланбаған, тіпті адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларға деген қалыпты әрекеті. Сол себепті, мұндай жағдайлар кезінде өзіне де, өзгелерге де көмек көрсете алу маңызды.
 
ҚР ІІМ ТЖК «Апаттар медицинасы орталығы» ММ
Ақтөбе облысы бойынша филиалының психологі
Давлетова Г.