Қазіргі таңда көптеген адамдардың күйзеліске ұшырауы, дағдарысқа түсуі, өмір сүру мағынасын жоғалтып, әлеуметтік - психологиялық жай-күйінің қиындауынан және де бірқатар себептерден туындаған шешілмес мәселелер әсер етіп (жұмыссыздық, ақша қаражатының жетіспеуі, науқастану және мүгедектік және т. б.) өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқтырады.
Өз бойындағы күйзелісті жеңу үшін, қайғы-қасіретін жеңілдету үшін кейбір адамдар ішімдік ішіп, есірткі пайдаланып, әртүрлі құмар ойындар ойнайды немесе өз өмірлеріне зиян келтіріп жатады.
Өз-өзіне қол жұмсауға бейім адамдардың бірден-бір бөлігі психикалық тұрғыдан зардап шеккен, дені сау адамдар болып табылады. Кез-келген төтенше жағдайдың пайда болуы адамдардың психоэмоционалды жағдайына әсер етпеуі мүмкін емес. Адамдар әдетте, өмірде және қызметтерінде экстремалды қиын жағдайларға тап болады. Әсіресе, туған-туысқандары түрлі-жағдайлардан зардап шегіп, жақындарын жоғалтқанда қайғыға батқан адам өзін-өзі және айналасындағыларды кінәлайды. Мұндай кезде психологтардың суицидке қарсы атқаратын қызметтері орасан зор.
Өз-өзіне қол жұмсаудың себептері әр түрлі. Көп жағдайда өз-өзіне қол жұмсауға себеп болатын нәрсе өмір жағдайының қиындығы және өмір оңалмайды деп есептеуі.
Өзімнің қызметтік тәжірбиемде түйгенім - саналы түрде өмір сүруді тоқтатуға шешім қабылдаған жандармен жұмыс жасау өте күрделі екендігінде. Табиғи және техногенді төтенше жағдайлар кезінде көп адамдар физикалық, материалдық, психологиялық тұрғыдан зардап шегеді. Әр адамның өмірінде неше түрлі қиындықтар болып тұрады. Сондай жағдайдың бірі суға кеткен інісінің қайғысын естіген әпкесінің өзін кінәлі сезініп, суға жүзу білмесе де ойланбастан, бауырын құтқару үшін, суға секірмек болып, інісінің артынан кетем деген жан айқайы кезінде психолог маманының жүргізген көмегінің нәтижесінен кейін жағдайы қалыпқа келді. Осындай жағдайларда қайғыға түскен адамды өз ойынан арылтып, жүйке жүйесін тыныштандырып, сабырлық сақтау қабілеттілігі, дұрыс шешім қабылдай білуі, өз мінез құлқын қадағалау, болашаққа жақсы көзқараспен қарау керек екендігіне түсіндіріп жеткізу қажет.
Айта кететін тағы бір оқыс оқиға, көпқабатты үйдің балконынан секіруге оқталған азаматшаның іс-әрекеті жан түршіктіреді. Оқиғаны көрген тұрғындардың айтуы бойынша көмекке құтқарушылар келгенге дейін, азаматша бір шешімге келе алмай, төменге секіру ойын өзгертпеген.
Психолог маманының жүргізген жұмыс нәтижесінен кейін, белгілі болғаны азаматша өмірдің қиындықтарына төзе алмай, шарасыздықтан болған жағдайдың «шешімі жоқ», «ешкім мені түсінбейді» - деген ойлар санасына сіңіп қалған және осындай іс әрекетке барған. Психолог маманымен сөйлесу нәтижесінде азаматша өз іс әрекетінің дұрыс еместігіне көзі жетіп, оның өмірі маңызды және ең үлкен құндылық екенін түсінді.
Эмоционалдық күйзеліске ұшыраған адамдарға көмектесу әркімнің қолынан келеді, алайда, мамандар мұндай есепте тұрған адамдармен ерекше жұмыс жасауды талап етеді:
- ауыр күйзеліске немесе қиындыққа ұшыраған адамның қауіптілік деңгейін және жағдайын бағалау қажет;
- суицидке бейімді адамға көмек көрсету кезінде тұлғамен әнгімелесіп, өте байыппен және ықыласпен тыңдау керек, дұрыс жасамаған іс-әрекет зардап шегушіге кері әсер етуі мүмкін;
-сенімді атмосфераны құру мақсатында әнгімелесуді шынайы өткізген жөн;
- уайым-қайғысын сейілтіп, эмоционалды түрде қолдау көрсету, жұбата білу;
-әнгімелесу барысында суицидке бейімді тұлғаны сендіру қажет;
- қазіргі уақытта ол болып жатқан қиын эмоционалдық-психологиялық жағдай тұрақты емес, уақытша екенін түсіндіру;
-оның өмірі ең улкен құндылық екені, онымен жауапкершіліксіз иелік етуге болмайтынын түсіндіру қажет.
Өз-өзіне қол жұмсау тығырықтан шығатын жол емес сол себептен ой мен санада жүрген сан-мың күдіктен, жанды сыздатқан күрделі мәселерден арылуға болатындығын айта келе өткінші нәрсеге бола, уақытша кезіккен қиындықтан – өз жанын қию ауыр жаза, ұмытылмас қасірет екендігін ұмытпайық дегім келеді. Сондықтан өмірдің қиындығын да, ауыртпалығын да қабырғаңыз қайыспай көтере білген жөн демекпін.
Өмір болған соң оның белестері, кездесетін кедергілері болатыны баршамызға мәлім. Бірақ, осы кедергілерді өткеруге күш жігеріміз жетпей, жанымызды ауыртатын сәттері аз емес. Осы сәтте жанымыздың жарасын емдейтін, көңілімізге демеу болатын адам бұл дүниеде жоқ тәріздес. Ауыр күйзеліске ұшыраған сәтте, кез-келген уақытта Сіз «Сенім телефонына» хабарласып, психолог, суициодологтардан кеңес алып, мамандардан тез арада көмек және қолдау ала аласыз.
 
Қызылорда облысының бірыңғай Call-орталығы +7 7242 40 00 01
Қызылорда облыстық жастар денсаулығы орталығының «Қызу желі» 8-800-080-22-26
Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы +7 7242 24-68-60
Қызылорда облысы ТЖД сенім телефоны: 24-40-76.
 
 
ҚР ІІМ ТЖК «Апаттар медицинасы орталығы» ММ
Қызылорда облысы бойынша филиалының
психологы Досаева Ж.А.