Көктемнің келуімен кенелер пайда бола бастайды, олар кене энцефалитін тасымалдаушылар болып саналады. Кене энцефалиті – бұл өткір, табиғи ошақтық ауру. Адамға ауру кене шаққанда жұғады, орталық жүйке жүйесінің зақымдалуымен сипатталып, жартылай және толық сал ауруының пайда болуына әкеледі. Кене көктем-жазғы кезенде өте қауіпті. Кенелерді тек қана орманда емес, сондай-ақ қалалық бақтарда, саяжайларда кездестіруге болады. Олар ауылшаруашылық, үй және жабайы жануарлардың арқасында тіршілік етеді. Адам үшін кененің шағуы кауіпті емес, кененің сілекейімен немесе кенені жаншығанда адамның қанына түсетін ауру қоздырғыштары өте қауіпті.Кенелер үлкен қашықтыққа бара алмайды. Бұталарға, ағаштардын бұтағына және биік шөптерге өрмелеп шығады да тосып жатады, қасынан өтіп бара жатқанда адамның денесіне немесе киіміне жабысып, қан соруға қолайлы орын іздейді. Әдетте кенелер терінің жұқа жерлерін тандайды: шаптың маңы, қолтықтың асты, шаштың арасы мен құлақтың тұсы. Егер медициналық мекемеге баруға мүмкіндік болмаса, онда қадалған кенені пинцетпен немесе қалын жіптен жасалған ілмекті оның тұмсығына жақынырақ байлап, әрі-бері қозғалтып, еппен алу қажет, терідегі жараға кененің сілекейі түспеу үшін оны жаншымауға тырысу керек. Кене шаққан жерді йод ерітіндісімен немесе спіртпен зарарсыздандырып, қолды сабынмен жуып тастау керек. Кене шаққанда ерте (3-күннен кешіктірмей) медициналық көмекке травматологиялық пунктерге жүгіну қажет.
Кене шағудың алдын алу мақсатында келесі ережелерді сақтау қажет:
- орманға бармас бұрын түсі ашық киім, жеңі ұзын көйлек, шалбар, жабық аяқ киім кию керек. Шалбардың балағын шұлыққа, көйлектің етегін шалбарға салып, басқа орамал байлап немесе қалпақ киген дұрыс.
- кенеге қарсы крем, лосьон, аэрозоль түрінде болатын арнаулы репелленттерді киімнің сыртына, сондай-ақ дененің ашық жерлеріне жағу керек, оларды дәріханалардан және сауда орындарынан сатып алуға болады;
- әр сағат сайын өзіңізді және қасыңыздағы адамдарды дұрыстап қараңыз. Кене бірден қан сормайды, ол ұзақ уақыт қолайлы жер іздейді;
- үйге келген соң денеңізді, барлық киімдеріңізді мұқият қарап шығыңыз; - үйдің ішіне жаңадан жұлынған өсімдіктерді және гүлдерді кенеге тексермей кіргізуге болмайды.
Арнайы алдын алу шараларына вакцинация жатады.
 
ҚР ІІМ ТЖК «Апаттар медицинасы орталығы»
ММ ШҚО бойынша филиалы