Шымкент қаласы ТЖД «Ереже» туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің
Төтенше жағдайлар комитеті Шымкент
қаласының
Төтенше жағдайлар департаменті туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

1. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті (бұдан әрі – Департамент) республикалық, өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасақтарын қоспағанда, қала аумағындағы азаматтық қорғау органдары мен бөліністеріне басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің (бұдан әрі – Комитет) аумақтық бөлінісі болып табылады.

2. Департамент өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актілеріне, өзге де нормативтiк құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. Департамент мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзiнiң атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртабандары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. Департамент азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

5. Егер Департаментке заңнамаға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, оның мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. Департамент өз құзыретiнің мәселелері бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Департамент бастығының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

7. Департаменттің құрылымы және штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

8. Департаменттің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, индексі 160024, Шымкент қаласы, Абай ауданы, Темірлан тас жолы, 18-үй.

9. Департаменттің толық атауы – «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесі.

10. Осы Ереже Департаменттің құрылтай құжаты болып табылады.

11. Департаменттің қызметiн қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

12. Департаментке оның функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Департаментке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

13. Міндеттері:

1) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

2) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық кіші жүйесінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету;

3) өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

4) өрттің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру.

14. Функциялары:

1) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық кіші жүйесінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету;

2) азаматтық қорғау күштерінің қызметін қамтамасыз ету;

3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қала аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға бағытталған азаматтық қорғау іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу кезінде азаматтық қорғау күштеріне басшылық жасау;

4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды мемлекеттік есепке алуды жүргізу;

5) Департамент пен мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөліністерінің жауынгерлік және жұмылдыру даярлығын қамтамасыз ету;

6) жергілікті атқарушы органның құзыретіне кіретін азаматтық қорғау саласындағы мәселелер жөніндегі ұсыныстарды жергілікті атқарушы органға енгізу;

7) азаматтық қорғау саласында ақпараттық-талдау қызметін жүзеге асыру;

8) азаматтық қорғау саласында шекаралас мемлекеттердің шекара маңындағы өңірлермен өзара іс-қимыл жасасуын жүзеге асыру;

9) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдайларды жоюға қатысушылардың денсаулығын сақтау, қалпына келтіру және оңалтуды қамтамасыз ету;

10) комиссияның құрамында өз құзыреті шегінде төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалалар мен апаттарды тергеуді ұйымдастыру және жүргізу;

11) қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдайларды жою кезінде ұйымдардың материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдыру;

12) азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау үшін Комитетке және жергілікті атқарушы органға ұсыныстар дайындау;

13) қорғаныш құрылыстарын есепке қоюды және есептен шығаруды жүзеге асыру;

14) азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерін даярлау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу;

15) Азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлеу және оны азаматтық қорғаныстың бастығы – қала әкіміне бекіту үшін енгізу;

16) қалалардың және қала аудандарының азаматтық қорғаныс жоспарларын келісу;

17) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу және оларды қаланың әкіміне бекітуге ұсыну;

18) қалалардың және қала аудандарының төтенше жағдайларды жою бойынша іс-қимылдар жоспарларын келісу;

19) Комитетке азаматтық қорғаныс жоспарларының және төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларының құрылымын айқындау бойынша ұсыныстар енгізу;

20) Комитетке азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларының көлемі және мазмұны бойынша ұсыныстар енгізу;

21) қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құру бойынша ұсыныстарды азаматтық қорғаныстың бастығы – қала әкіміне енгізу;

22) елді мекендер мен аса маңызды мемлекеттік меншік объектілерінің аумақтарын өрттерден қорғауды қамтамасыз ету;

23) өртке қарсы ерікті құралымдардың тізілімін жүргізу;

24) төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жоспарларды әзірлеу;

25) қаланың және қала аудандарының қауіпсіздік паспорттарын және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қатерлерінің каталогтарын әзірлеу;

26) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде қала әкімінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауы туралы ұсыныстарды жергілікті атқарушы органға енгізу;

27) төтенше жағдайлар кезінде авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізу;

28) суда құтқару және сүңгуірлік-іздеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;

29) қала аумағында өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметін үйлестіру;

30) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тіркеу;

31) аттестаттау комиссияларының құрамында авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын, құтқарушыларды аттестаттаудан өткізу;

32) су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;

33) өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерін дамыту және оларды қаланың аумағында пайдалануға әзірлікте ұстау;

34) халыққа, азаматтық қорғаудың басқару органдарына төтенше жағдайдың туындау қаупі туралы болжам болған кезде күні бұрын және (немесе) төтенше жағдай туындаған кезде жедел хабар беруді және оларды құлақтандыруды қамтамасыз ету;

35) қала аумағында бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметін дамыту және жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

36) қаланың аумағында мониторингтің автоматтандырылған жүйелерінің бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметімен мониторингтің өзара іс-қимыл жасасуын ұйымдастыру;

37) өз құзыреті шегінде Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің корпоративтік ақпараттық-коммуникациялық жүйесінің, ахуалдық-дағдарыс орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

38) азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауды, халықты және мамандарды оқытуды ұйымдастыру;

39) азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшыларын, мамандарын даярлауды ұйымдастыру, төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар туындаған кезде немесе осы қақтығыстар салдарынан қорғану тәсілдері мен іс-қимылдарға халықты үйрету;

40) ерікті өрт сөндірушілерді кейінгі даярлаудың бағдарламасын бекіту;

41) өрт қауіпсіздігі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

42) азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

43) елді мекендер мен объектілерде өртке қарсы күреске өрт сөндіру бөліністерінің әзірлігіне бақылауды жүзеге асыру;

44) су айдындарында қауіпсіздік қағидаларының сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

45) өрт қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер жүргізуді жүзеге асыру;

46) азаматтарға, лауазымды және заңды тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою және өрттерді болдырмау жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы ұйғарымдар беру;

47) азаматтарға, лауазымды және заңды тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою және азаматтық қорғаныс жөніндегі іс-шараларды орындау туралы ұйғарымдар беру;

48) азаматтарға және заңды тұлғаларға су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын сақтамағаны үшін ұйғарымдар беру;

49) субъектiлер өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұза отырып жүзеге асыратын, сондай-ақ ұйымды, объектiнi, құрылысты, ғимаратты салу, реконструкциялау, кеңейту немесе техникалық қайта жарақтандыру кезiнде жобаларда көзделген өрт қауiпсiздiгiнiң талаптары орындалмаған кезде ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң, өндiрiстiк учаскелердiң, агрегаттардың жұмысын iшiнара немесе толық тоқтата тұру, ғимараттарды, құрылыстарды, электр желiлерiн, жылыту аспаптарын пайдалануға және өрт шығу қаупi бар жұмыстарды жүргiзуге тыйым салу туралы өтінішті сотқа жолдау;

50) өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік құпиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді сақтауды қамтамасыз ету;

51) Комитетке өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды енгізу;

52) өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі қалалық штабтың жұмысына қатысу;

53) өз құзыреті шегінде қалалық Терроризмге қарсы комиссияның жұмысына қатысу;

54) қала бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамының лауазымына тағайындалған және әскери есептен белгіленген тәртіпте шығарылған әскери міндеттілерді арнайы есепке алуды жүргізу;

55) өтініш берушінің азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі бөлігінде лицензия беруді келісу;

        56) Комитетке өз құзыреті шегінде азаматтық қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге, нормативтік актілерге және стандарттарға өзгерістер, толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар енгізу;

57) азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және заңға тәуелді актілерінде көзделген өзге функцияларды жүзеге асыру.

15. Құқықтары және міндеттері:

1) өз құзыреті шегінде орындалуы міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдау;

2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан және азаматтардан қажетті ақпаратты және мәліметтерді заңнамада белгіленген тәртіпте сұрату және алу;

3) заңнамада белгіленген тәртіпте Департаменттің мүдделерін сотта қорғауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

4) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар ұйымдастыру және өткізу;

5) қызметтік жұмысты және орындаушылық тәртіпті бұзу фактілері бойынша қызметтік тергеулер жүргізу, олардың себептерін анықтау, талдау және бұзушылықтарды болдырмау бойынша шаралар қабылдау;

6) белгіленген тәртіпте азаматтық қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік ведомстволық және мемлекеттік емес жүйелерді, желілерді, байланыс және ақпарат беру құралдарын пайдалану;

7) қаланың құлақтандыру жүйесіне техникалық тексерулер және азаматтық қорғау бойынша оқу-жаттығулар жүргізу кезінде қаланың құлақтандыру жүйесін жұмылдыруға өкім беру;

8) әрекеті немесе әрекетсіздігі төтенше жағдайлар қатеріне немесе туындауына және азаматтық қорғау саласында бұзушылықтарға әкеп соққан лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту туралы белгіленген тәртіпте ұсыныстар енгізу;

9) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

3. Департамент қызметін ұйымдастыру

16. Департаментке басшылықты бастық жүзеге асырады, ол Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауап береді.

17. Департамент бастығын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

18. Департамент бастығының орынбасарлары болады, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

19. Департамент бастығының өкілеттіктері:

1) Департамент атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Департаменттің мүддесін білдіреді;

3) Департаменттің ерекше көзге түскен қызметкерлерін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау, құрметті атақтар, әскери және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының орта және аға басшы құрамының арнайы атақтарын мерзімінен бұрын немесе әскери және атқарып отырған штаттық лауазымында көзделген арнайы атақтарды бір саты жоғары беруге Министрге өтініш жасау үшін Комитет төрағасына ұсыныстар енгізеді;

4) бірыңғай кадр саясатын іске асырады;

5) Министрлік және Комитет қалыптастырған саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді, Министрдің және Комитет төрағасының актілерін және тапсырмаларын орындайды;

6) Департамент қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдастырушылық-құқықтық, жұмылдыру, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

7) тәртіптік және аттестаттау, сондай-ақ Департаменттің бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссиялардың қызметіне жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады;

8) Департамент қызметін қамтамасыз ету және оған жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алуды өткізуді ұйымдастырады;

9) Департамент атынан шарттар жасасады;

10) Департамент атынан сенімхаттар береді;

11) банк шоттарын ашады;

12) Департаменттің тиісті кезеңге тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жоспарын бекітеді;

13) іссапарлар, тағылымдамалар, демалыстар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту және қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге түрлері бойынша Департаменттің тәртібі мен жоспарларын бекітеді. Қаладан және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарға шығу Комитетпен келісіліп жүзеге асырылады;

14) өз құзыреті шегінде Департаменттің барлық қызметкерлері орындау үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

15) еңбек қатынастары мәселелері Министрліктің және Комитеттің номенклатурасына жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда Департаменттің, қалалық төтенше жағдайлар басқармаларының және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлерін лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;

16) Министр бекіткен номенклатураға сәйкес Департамент қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің басшыларын лауазымға тағайындауға ұсынады;

17) берілген құқықтар шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Департаменттің қызметкерлеріне, Департаменттің қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне көтермелеу шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

18) бақылаудағы құжаттардың, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің, құпиялылық және «Қызмет бабында пайдалану үшін» белгісі бар құжаттардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді;

19) мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және кіші басшы құрамдағы адамдарына алғашқы және кезекті арнаулы атақтар, орта басшы құрамдағы адамдарына өртке қарсы қызмет капитаны атағына дейін қоса кезекті арнаулы атақтар, офицерлік құрамдағы әскери қызметшілерге подполковникке дейін қоса кезекті әскери атақтар береді;

20) Департаменттің және оның қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, азаматтық қорғау органдары мен бөліністерінің құтқарушыларына сыныптық біліктілік береді (растайды);

21) орта және аға басшы құрамның алғашқы арнаулы атақтарын, аға басшы құрамның кезекті арнаулы атақтарын беру және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының кадрына қабылдау, офицерлік құрамның алғашқы әскери атағын беру туралы Министрге өтініш жасау үшін Комитет төрағасына ұсыным енгізеді;

22) құрылымдық бөліністер туралы ережелерді, Департаменттің құрылымдық бөліністерінің және Төтенше жағдайлар бөлімдері қызметкерлерінің лауазымдық (функционалдық) міндеттерін бекітеді;

23) Департаментте, Департамент қарамағындағы мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың іске асырылуына дербес жауап береді;

24) әрекеті (немесе әрекетсіздігі) ұлттық мүдделерді бұзуға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің қаупіне әкеп соғатын Департаменттің, Департамент қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін жауапкершілікке тартады;

25) Департаменттің жыл сайынғы жұмыс жоспарын әзірлеуді және оны Комитетке бекітуге ұсынуды қамтамасыз етеді;

26) Департаменттің құрылымдық бөліністерінің және Департамент қарамағындағы қалалық төтенше жағдайлар басқармаларының және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдерінің жұмыс жоспарларын бекітеді;

27) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Департамент бастығы болмаған кезде оның өкілеттіктерін орындау қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның орнын ауыстыратын адамға жүктеледі.

20. Департамент бастығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзінің орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.

21. Халықпен, азаматтық қоғам институттарымен өзара қарым-қатынастарды дамыту және одан әрі жетілдіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимылдар әзірлеу мақсатында Департамент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестің құрамын және ол туралы ережені Департамент бастығы бекітеді.

4. Департаменттің мүлкі

22. Департаментте заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Департаменттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

23. Департаментке бекітілген мүлік республикалық және коммуналдық меншікке жатады.

24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Департамент өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату

25. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.